Бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде Қазақстандағы алғашқы жасанды интеллект (ЖИ) медиалабораториясы – AI MediaLab ғылыми-зерттеу орталығы ашылды. Бұл зертхана медиа және коммуникация саласында нейрондық желілерді қолдануға бағытталған. Ол білім беру процесіне ЖИ-ді ендіріп, журналистика, деректерді талдау және визуалды сторителлингті ұштастыра отырып, студенттер үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Зертхана заманауи LG Ultra Gear мониторларымен жабдықталған, бұл визуалды деректермен жұмыс істеуде жоғары сапа мен жайлылықты қамтамасыз етеді.
ЖИ, медиа және ғылым тоғысқан алаң
Жаңа орталық ЖИ және big data кафедрасымен бірлесіп, медиаиндустрияға арналған жасанды интеллект шешімдерін әзірлеумен айналысады. ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев өз сөзінде бұл бастаманың елдің ғылыми-техникалық және инновациялық егемендігін нығайтуға бағытталған стратегиялық жоба екенін айтты:
«Президент бірнеше рет айтқандай, ғылыми-техникалық прогресс жағдайында еліміздің технологиялық дербестігін арттыру – маңызды міндет. Жасанды интеллекттің дамуы осы бағытта кең мүмкіндіктер ашады».
Суперкомпьютер мен білім экожүйесі
Қазіргі уақытта ҚазҰУ қабырғасында Қытай мен Қазақстан басшылары қол қойған келісім аясында суперкомпьютерді іске қосуға дайындық жүріп жатыр. Бұл құрылғы ЖИ технологияларын дамыту, цифрлық егіздер жасау және университеттің негізгі ғылыми бағыттарында күрделі есептеулер жүргізу үшін пайдаланылады. AI MediaLab суперкомпьютердің мүмкіндіктерін қолдану үшін дерекқорға біріктірілмек.
Айта кетейік, сәуір айында ҚазҰУ-да өткен халықаралық «Фараби әлемі» форумында «Медиа саласындағы ЖИ» атты конференция ұйымдастырылып, онда нейрожелі арқылы жасалған алғашқы инклюзивті, ғылыми-танымдық студенттік газет — «AI-Tamyz» таныстырылды. Сонымен қатар, факультетте «AI&Media» атты жаңа магистратура бағдарламасы іске қосылады. Бұл бағдарлама ЖИ саласында білікті журналистер мен IT мамандарын дайындауға бағытталған.